Өкпе, реніш, наз дегенді көңіліңнен өзің өшірмесең, ол ешуақытта бітпейді. Бүгінгі адам – ертең топырақ. Бір үйде қанша жан барсың, бәрің де бір-біріңе қонақсың. Сыйлассаң – тіріңде сыйлас, өлген соң жыласпа.
• Қу тірліктің күйбеңімен уақыт зымырай береді. Ештеңе дәл бүгінгідей қайталанбайды. Әр уақыттың, адамның да қадіріне жете біл. Тірі адамда мүмкіндік көп. Иіске, сүй, құшақта, аяла, бауырыңа бас! Әр секундыңды қимастарыңа арна. Ешкім мәңгілік емес. Сондықтан мүмкіндік барда қимастарыңның ыстық құшағында еркеле. Алла адам баласына көп мүмкіндік, уақыт берді.
Әр кездескенде: «Жоғалтып алам-ау», – деп бауырыңа бас.
Шын ықыласыңды көрсет. Қоштасарда да: «Көріспей қалсам ше?» – деген оймен қимай қоштас. Сезіміңді білдір. Ол адамның саған қымбат екенін сездір.
Сен өлгенше өштесіп жүрердей ол да шайтан емес. Не сен, не ол бірінші кетеді. Сол кезде өкінбейтін бол.
• Қасыңда жүрген адамдарды бағалай біл. Ол туысқаның, жаныңдағы жарың, досың, сырласың, құрдасың болуы мүмкін.
Мейлі, қайсысы болса да, ол адам бүгін бар, ертең де бар болуы мүмкін, ал арғы күні бар бола ма, жоқ па, белгісіз.
Кейін ол сізден алыстап кетсе, саныңызды соғып қалмаңыз. Өмірде ештеңеге мәңгілік деп қарамаңыз. Ақшаға да. Ол сізде қазір бар болуы мүмкін, кейін жоқ болмасына кім кепіл? Тіпті мен де, мұны оқып отырған сіз де мәңгілік емеспіз.
• Туысқаныңды, бауырыңды сағындың ба? Онда жай ғана хабарлас, ізде. Сағынып кеттім де. «Әке, апа, сіздерді қатты жақсы көремін», – деп күнде хабарлама жаз. Кейін кеш болып қалмау үшін сезімді уақытында айтып үйрену керек.
• Ештеңе де маңызды емес: ақша, атақ, мансап, байлық, сұлулық, менмендік, көкіректік, көлік, қымбат телефон, қымбат киім, т.б.
Тек қана сезім – ата-анаға, сүйген жарға, балаға, дос-құрдас, бауырға, туысқанға, басқа да өміріңіздегі жақын да жанашыр адамдарға деген сезім маңызды.
Сезім – жақсы көру, сағыну, іздеу, ол үшін алаңдау, бауырмалдық, мейірімділік, адалдық, достық болып жалғасып кете береді. Сезімсіз өмір – бос өмір. Кейін бармағымызды тістеп қалмайық.
• Ешкімді өкпелетпей, ешкімді жамандамай, ешкімге өкпелемей, кек сақтамай жүргенге, сағына көріскенге, ойнап-күліп, әзілдесіп жүргенге не жетсін, шіркін!
Өмірімізде ақшамыз көп болғанша, құлағанда демейтін, ауырғанда жүгіретін, жылағанда жұбататын, мұңайғанда күлдіретін, қиналғанда көмектесетін жанашырымыз, жанымызда игі жақсыларымыз көп болсын!
• Адамдарға сіз не берсеңіз, олар сізге оны екі еселеп қайтарады. Сондықтан сыйлы болғыңыз келсе, сізді жақындарыңыздың, жанашыр жандардың іздегенін, сағынғанын қаласаңыз, ол іс-әрекетті алдымен өзіңіз жасаңыз. Көкейіңіздегі өзімшілдікті тыйыңыз.
«Өзі бірінші жазсын, алдымен өзі іздесін. Мені ешкім іздемейді, неге мен оны іздеуім керек», – дейсіз, білемін.
«Кішірейгеннің абыройы тасады», – дейді. Сол үшін бірінші болып адамдарды қуантуға, жақсылық жасауға, жылы сөз айтуға тырысайық. Бәлкім, сіздің бір ауыз жылы сөзіңіз оның бүкіл өмірін өзгертетін шығар, ойланып көріңізші. Барды бағалайық!
Бұл өмір қамшының сабындай өте қысқа.
Осы сөздерді оқып отырған, Сізге, үлкен алғысымды білдіре отырып, мына қысқа ғұмыр тіршілікте сыйласып жүргеніміз үшін басымды иіп, құрмет тұта, Алламнан әрқашашан амандығыңызды тіледім!