Жалпы, қазақ тарихы – жан-жақты тарих. Қазақ мәдениеті – жан-жақты мәдениет. Даланың қағандары мен хандары, билері мен батырлары, сардарлары мен сарбаздары, салдары мен серілері, тарих мұңын жоқтаған жырау да, табиғат мұңын шаққан сазгер де, сөз саптаған шешен де, найза ұстаған көсем де бола білген. Соған орай халық та осы сарбаздарын, ақындарын, сазгерлерін, шешендерін, көсемдерін шексіз құрметтеген, еркелеткен. Оларға еліктеген, таланттарына тағзым етіп, дарындарына қошемет көрсеткен.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын Ұлы даланың жеті қырын атап көрсетті. Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді.
Мәселен, Елбасы айтқандай, жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті. Оның бүгінгі киім үлгісінің қалыптасуынан бастап, жаһандық құрылымға ықпал еткен ірі, алпауыт империялардың құрылуына дейін септігін тигізуі, расымен, айтарлықтай үлкен оқиға. Ал енді сол тарихи оқиғаның алтын бастауында қазақ сахарасының тұруы – біз үшін зор мақтаныш.
Әлемнің қарыштап дамуына әсер еткен ең маңызды оқиғалардың тағы бірі – металлургия өндірісі. Адамзат қола, мыс, темірден бастап, алтын, күміске дейінгі асыл тастарды өндіруді көне замандардың өзінде-ақ игеріп, игілікке жаратты. Біздің Ұлы даламыздың сондай ірі өндіріс ошақтарының бірі болғаны да көкейге қуаныш ұялатады.
Біз алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың барлық саласында кеңінен қолданып, күнделікті өмірімізбен біте қайнастыра білген халықпыз. Ол үшін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» айтсақ та жеткілікті. Ал Алтай мен Атыраудың арасын жалғайтын кең жазира даламызда мұндай жәдігерлердің бірнешеуі табылғаны хатқа түсіп, тасқа басылған тарихи шындық.
Еуразияның кіндігінде орналасқан Ұлы даламыз – Шығыс пен Батыстың арасындағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір. Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі транзиттік «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жерімізден өтуі Қазақстан туралы осындай анықтама жасауға мүмкіндік береді.
Елбасы өз мақаласында Ұлы дала төсінің күллі түркі дүниесінің атажұрты саналатынына, бүгінде әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың да «тарихи отаны» қазір біздер өмір сүріп отырған қоныс екеніне айрықша назар аударған.
Мінеки, бүгінде жер-жаһанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан әлемдік өркениетке не берді, деген сауалға ауыз толтырып айтатын жауап осындай. Яғни, қазақ даласы – адамзат өрлеуінің қайнар көзі. Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жаугершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет.
Мұның барлығы қазақта ғылымның, зиялы ортаның және жоғары мәдениеттің болғанын көрсететін басымдықтар. Осыны басшылыққа алып, бүгінгі кейбір стереотиптерді бұзып, жаңаша ұғым, көзқарас қалыптастыруымыз керек. Дәл біздің даламыздан бастау алған мәдениеттердің игілігін дүние жүзінің әлі күнге дейін көріп отырғанын дәріптеуіміз қажет. Мұндай қадам Ұлы даланың тарихын тым тереңнен бастап, бірнеше мың жылды қамтуды талап етеді. Сондықтан түркі дүниесімен бірге ғұн, сақтарға дейінгі ата тарихымызды тыңғылықты зерттеп, зерделегеніміз абзал.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы басымдықтарды айқындап, мақалада «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер мен технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» сияқты нақты жобаларды жүзеге асыру керектігін атап өткен.
Ғибратты ғұмырын дәріптеп қана қоймай, айдай әлемге жар салып, мақтан тұтарлық тұлғаларымыз да жетерлік. Аспан астын билеген Күлтегіннен бастап, адамзаттың екінші ұстазы болған Әл-Фараби, тұтас түркі әлемінің ғұламасы – Яссауи, Мысырға әмірін жүргізіп, әлемдік қақтығысқа тосқауыл болған Бейбарыс сұлтан сияқты ұлы есімдерімізді ұлықтау жаһанның бізді тағы бір қырымыздан тануына жол ашады. Сонымен бірге мұндай тың бастамалардың түркі әлемін одан әрі біріктіре түсетін тиімді тетік екенін де атап өткен жөн.
Осындай игі істер тарихи санамызды жаңғыртып, өткенімізді тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Ал тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады. Ең бастысы, біз, Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық – ертеңгі болашақ жастар.
Елбасы осы жолдағы жаңа бағыттарды анықтай отырып, оларды жүзеге асыруда заманауи технологиялар мен ғылымның соңғы жетістіктерін молынан пайдалануға назар аударған. Бұл – тарихтан тағылым ала отырып, бүгінімізді болашақтың талаптарына сай бейімдеуге бастайтын негізгі құрал. Сондықтан да оның маңызы зор.
Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаппай қолдауға ие болып, қоғамдағы жаңғыру үдерістеріне зор серпін берді. Бұл бастаманы әрі қарай жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет», – деген болатын. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жүйелі жалғасы саналатын жаңа мақала аталған мазмұн мен бағыттарды көрсетіп берді.
Алдымызда тұрған ендігі міндет – Елбасы анықтап берген сол басымдықтарды іске асыруға қоғам болып жұмылу.