Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби - сазды кеш
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы
9-11 сыныптар Байғазы Ж,Н Турсынбаева Ж.Х Адильшинова А.К.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби – сазды кештің сценарийі.
Мақсаты: Мұқағали Мақатаевтың өмірбаянымен өмір жолымен таныстыру. Ақындық талантын оқушыларға насихаттау, поэзия әлеміне, сөз өнеріне сүйіспеншіліктерін арттыру.
Кештің көрнекілігі: кеш тақырыбы мен ақын портреті, буклет, альбом және кітап, журналдармен көркемделген көрме, тақырыптық слайд.
1 - жүргізуші:
Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп ақынның өзі айтқандай, оның өлеңі өмірден өзі кетсе де, өшпей жалғасын тауып келеді.
1 - жүргізуші: Қайырлы күн! Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар!
Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық – шынымен бақытты халық. Мұқағали Мақатаевты атақ пен даңқ өлген соң өзі іздеп тапты. Тіршілігінде осы үшін жанын сала күрескендердің тағдыры керісінше шешіліп жатады.
Өйткені биік таулардың алыстаған сайын зорая түсетіні сияқты, мықтылық та уақыт озған сайын тұлғалана бастайды. Хантәңірі нақ осылай. Ал Мұқағали ақын табиғатына айнымай тартып туған ақын.
2 - жүргізуші: Бүгінгі «Аққулар ұйықтағанда» атты әдеби - сазды кешіміз қазақ өлеңінің аспанында ерекше нұрланып, жарқырап өткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналып отыр. Мұқағали Мақатаев (1931—1976) Алматы облысының ұлы Хан - Тәңірі тауының етегіндегі Қарасаз ауылында дүниеге келген. Горкий атындағы Лениград (Санкт - Петербург) университетін бітірген. 9 ақпан күні көзі тірі болса 90 жасқа толар еді...
2 жүргізуші: Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді тамашалаңыздар!
Көрініс «Аққулар ұйықтағанда»
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасы (М. Мақатаев)
Сценарий:
Шымылдық ашылады.
Еденде бала ауырып, қасында әке мен ана тілеуін тілеп отырады. Бақсы болса қамшысымен аластап, дұға ғып дауыстайды.
Автор: Сабина
Анасы: Айгерім
Бақсы: Санжар
Әке: Әліби
Шал: Диар
Аққулар: Даяна, Исламия ,Айнура ,Амина, Алина.
Автор: Сабина
Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Баласының ана отыр күйін бағып.
Қайдағы бір қатыгез, сұрқай ойлар,
Миын қарып барады, миын қарып.
«Мана, күндіз, тәуіп шал не деп кетті?!
Әлде өтірік, әлде шын демеп кетті...
Бақсы: Санжар
Автор: Сабина
Деді – дағы жәйімен жөнеп кетті...»
Ана: Айгерім
Неткен жансың санасыз жаратылған?!
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі,
Ұмытылып кетті ме санатыңнан?
Кім білсін, мүмкін, бәрі жалған үміт...-деп жерде жатқан әкені жұлқылайды.
Әке: Әліби
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке қарайлаған,
Оқ атам қасиетке қалай ғана?...
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?! – деп зарланады.
Амалы таусылған ана не істерін білмей:
Ана: Айгерім
Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың?!
Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте!
Жалған бәрі! – деп мылтықты қолына алып сахынадан шығып кетеді.
Шымылдық.
Видео проектордан көл бетінде жүзіп жүрген аққулардың бейнесі көрсетіліп, автор дауысы естіледі.
Автор: Сабина
... Аққулар....
Аққу мойын, сүмбе қанат,
Алаңсыз тарануда күнге қарап.
Айдынның еркелері, білмей тұрмын,
Етермін тағдырыңды кімге аманат?!
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Бір мамығы майысса ауырсынып,
Тарақ етіп тұмсығын, тарайды кеп,
Тарайды кеп, тарайды қауырсынын,
Құм тұрса да бір түйір ауырсынып,
Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!
Ана отырған шыршаға жақындады.
Көзі тұнған бейбағың, топ аққуға,
Білмей қалды мылтықтың атылғанын.
Шымылдық ашылып, аққуды атқалы отырған ана көрініп, тарс еткен мылтық дауысы естіледі.
Көздің алды көк түтін, ақыл жарым...
Ию – қию көл маңы, астан кестен,
Жер айналып, тау құлап, аспан көшкен.
Жаңғырығып, жар салып, жартастар тұр,
«Жетім көлдің» қайғысын бастан кешкен.
Сахынада мылтық дауысын естіп үрейлене шыққан шал көрінеді.
Шал:
«... Апыр – ай, бұл кім болды, таң сәріде,
Кімсің?
Тірісің бе?
Жаның бар ма?
Аққуды неге атасың , арың бар ма?!
Болмады ғой, болмады ғой...
Қасиет кетті көлден, сорлады ғой...
Ана болған жайды шалға баяндап зарланады. Шал әйел азабын түсініп, құшақтап тұрып:
Атқа мін, ауылға қайт, олжаны қой!..
... Білмеймін, сор аттың ба, бақ аттың ба?!
Ана:
Жасымнан естігенім бар – тын еді,
«Әтеуір аққу атқан оңбайды деп...
Шал:
Аманат бір құдайға...
Шымылдық.
Автор:
Өмір емес өмірі, қораштанған,
Байғұс ана тірліктен қалас қалған.
Келеді ана, қарабет қарақшыдай,
Ел мен жерден бір жола аласталған.
Аппақ нұрды көре алмай ақ аспаннан,
Түн – түнекте бейне бір адасқан жан.
Ақ төсек – аппақ айдын, аққу - бала,
Жаралы аққу секілді жаттың ба, ана?...
Шымылдық ашылып, сахынада бала жанында отырған әке көрініп, қастарына еш амалы қалмаған ана келеді.
Ана:
«... Мына жатқан «Жетім көл», мына аққуды,
Өз қолыммен өлтірдім, аттым жаңа...
Жоқ!
Мен емес...
Мен атпадым...
Кеше гөр, кешіре гөр, жаратқаным?!»
Қазір, ботам...
Мінеки, таң атады...
Қазір, ботам, аққумен ұшықтаймын...
Жазыласың құлыным...
балапаным!
Қасиет! Жоқ
О, қасірет!
Осындай ма ең?!
Сорымның қалындығы шашымдай ма ең!..
Қасиет!..
Шымылдық.
Автор
Аққулар....
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды...
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса екінші рет оралмайды...
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты...
Автор: Осымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзия кешіміз аяқталды. Жыр әлемінде кездескенше аман сау болыңыздар!